$ 538.54  628.31  6.7
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ермек Көшербаев президенттің сынынан кейін Алакөл жағалауындағы демалыс аймақтарын тексерді

Вице-премьер коммуналдық жағажайда болды

Ермек Көшербаев президенттің сынынан кейін Алакөл жағалауындағы демалыс аймақтарын тексерді
Фото: primeminister.kz

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Жетісу облысындағы басты туристік бағыттардың бірі саналатын Алакөл көлі жағалауы инфрақұрылымының қазіргі жағдайымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс құрылғаннан бері Алакөл ауданына 4,8 млн турист келген, соның 1,8 млн-ны өткен жылдың үлесінде.

Көптеген қордаланған мәселе анықталды

Сапар барысында вице-премьер коммуналдық жағажайда болды, мұнда өзге де аймақтардағы сияқты кешенді тұрғыда шешуді қажет ететін көптеген жүйелі мәселенің бар екені анықталды. Бастапқы шарттар бар болғанымен, ашық және қолжетімді аумақтағы көптеген демалыс орнында санитарлық жағдай, инженерлік және инфрақұрылымдық жағынан бірқатар түйткіл сақталып қалып отыр.

«Коммуналдық жағажайда демалуға келетін адамдар да жекеменшік демалыс аймақтарындағыдай базалық жайлылықпен, қауіпсіздікпен қамтамасыз етілуге тиіс. Бұл – әділеттілік қағидасы. Адам қай жерде де таза, тәртіпті әрі  ретті  ортада демалуы керек», — деп атап өтті Ермек Көшербаев.

Премьер-министрдің орынбасары аудан әкімі мен жауапты салаларға жағажайдағы санитарлық жабдықтауды күшейту, қосымша қоқыс жәшіктерін сатып алу, судағы белгілер желісін ұзарту және шағын көлемді кемелерге арналған қауіпсіз кіру аймақтарын белгілеу жөнінде бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар киім ауыстыратын орындар, душ кабиналарын орнату, абаттандыру, соның ішінде белсенді демалыс аймақтарын қалыптастыру мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.

Жайма саудаға ерекше назар аударылды

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жағалау аумағында кезекшілік атқаратын ТЖ қызметкерлерінің санын арттыру мәселесі қарастырылады. Жағажайдағы жайма сауда мәселесіне де ерекше назар аударылды. Вице-премьер сауда нүктелері ретінде су және электр желісіне қосылған тұрақты дүңгіршектер орнату керектігін және оларда санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуы қажеттігін атап өтті.

«Бұл мәселелер тек Алакөлге ғана емес, елдегі барлық өңірлерге тән. Мұндай түйткілдер еліміздің демалыс аймақтарында жиі туындайды. Біз барлық ұсынысты жинақтап, үздік тәжірибелерді саралап, Туризм және спорт министрлігінде жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен арнайы кеңес өткіземіз. Туризм — тек бизнес емес, бұл ең алдымен азаматтардың өмір сүру сапасының көрсеткіші», — деді Ермек Көшербаев.

 

 

Серіктес жаңалықтары