Қазақстанда Ұлттық қорды басқару жөнінде кеңес құрылды
Кеңес отырыстары қажеттілікке қарай, бірақ жылына кемінде бір рет өткізіледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 4 шілдеде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңесті құру туралы жарлыққа қол қойды. Құжаттың толық мәтіні Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінің сайтында жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңесті құру», – делінген жарлық мәтінінде.
Жарлыққа сәйкес, Кеңес құрамына мыналар енді:
- Қазақстан Республикасының президенті – төраға;
- Қазақстан Республикасының премьер-министрі;
- Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының төрағасы (келісім бойынша);
- Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы (келісім бойынша);
- Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы;
- Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы;
- Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары;
- Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы;
- Қазақстан Республикасының қаржы министрі;
- Қазақстан Республикасының ұлттық экономика министрі.
Ережеге сәйкес, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі Кеңес – Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы кеңесші-консультативтік орган болып саналады. Кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатқа ие.
Кеңестің негізгі міндеттері – Қазақстан Республикасы президентіне Ұлттық қордың қаражатын пайдалану және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу және қолдау көрсету.
Кеңес Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 63-бабына сәйкес қор қаражатын пайдалану мәселелерін қарайды.
Кеңес өз міндеттерін жүзеге асыру үшін:
- Қор қаражатын қалыптастыру мен пайдаланудың тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлейді;
- Қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт көлеміне қатысты ұсыныстар қарайды және әзірлейді;
- Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен қаржыландыруға жататын елдік маңызы бар маңызды объектілер мен жобаларға баламалы қаржыландыру көздері болмаған жағдайда, Қордан республикалық бюджетке нысаналы трансферттер көлемі мен бағыттары бойынша ұсыныстар қарайды және әзірлейді;
- Елдік маңызы бар жобаларды қаржыландыру мақсатында Ұлттық әл-ауқат қорының борыштық бағалы қағаздарын сатып алу арқылы Қор қаражаты есебінен жобаларды қаржыландыру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлейді (жобалар сараптамасының нәтижесін ескере отырып);
- Қорда орналастыруға рұқсат етілген қаржы құралдары мен мәмілелердің тізбесіне (материалдық емес активтерді қоспағанда) қатысты ұсыныстар әзірлейді;
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқарудың тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлейді;
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін инвестициялау бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлейді және қарайды;
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін анықтау бойынша ұсыныстар әзірлейді;
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қызметінің жыл сайынғы есебін қарайды.
Кеңес отырыстары қажеттілікке қарай, бірақ жылына кемінде бір рет өткізіледі. Отырыстар жүзбе-жүз және (немесе) қашықтан өткізілуі мүмкін және хаттамамен рәсімделеді.
Кеңестің шешімдері – отырысқа қатысқан мүшелердің жай көпшілік дауысымен немесе сауалнама жүргізу арқылы қабылданады. Дауыстар тең түскен жағдайда, төрағалық етушінің дауысы шешуші болып саналады.
Кеңестің жұмыс органы – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі.
Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.