$ 525.87  614.37  6.72
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Павлодарда колледж студенті есірткі таратқаны үшін 6 жылға сотталды

Ол жеңіл жолмен ақша табамын деп бас бостандығынан айырылды

Павлодарда колледж студенті есірткі таратқаны үшін 6 жылға сотталды
Фото istockphoto.com

Павлодарда колледж студенті психотроптық заттарды заңсыз таратқаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Жеңіл табыс іздеген студент есірткі жасырып кетіп жүрген

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында көлік полициясы Павлодар облысының 18 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Тергеу барысында анықталғандай, қала колледждерінің бірінде оқитын студент жылдам ақша табу мақсатында есірткі заттарын таратумен айналысқан.

Оның міндеті – тыйым салынған заттарды алып, белгілі бір орындарға жасырып кету болған.

Telegram-дағы «куратордың» тапсырмасымен әрекет еткен

Студент мессенджердегі «куратордың» нұсқауымен, алдын ала белгіленген жерден 8,7 грамм альфа-PVP психотроптық заты салынған 21 дозасы бар ораманы алып, теміржол вокзалы маңында орналасқан жасырын орындарға апаруға тырысқан. Алайда дәл осы жерде көлік полициясы оны қолға түсірді.

Сот үкімі: 6 жыл бас бостандығынан айыру

Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты студентке 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

«Бұл оқиға – жастардың жеңіл табысқа деген құмарлығының қандай ауыр салдарға әкеп соғатынын көрсететін нақты мысал. Бір ғана қате шешім – және бостандықтың орнына түрме күтіп тұрады», – деді Көліктегі полиция департаменті.

6 айда 200-ден астам есірткі қылмысы тіркелді

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында көліктегі полиция 200-ден астам есірткіге қатысты құқықбұзушылықты анықтаған. Оның ішінде:

  • 31 факт – сату;
  • 12 – аса ірі көлемде сақтау;
  • 5 – контрабанда.

Барлығы 240 кг-ға жуық есірткі тәркіленген, оның ішінде 110 кг-нан астамы – синтетикалық есірткі.

Серіктес жаңалықтары