Мемлекеттік несиелеу қалай өзгереді? Қаржы министрлігі түсіндірді
Бюджеттік несие беру процесі толық автоматтандырылады

Бүгінде мемлекет бюджеттік несие беру тәсілін өзгертіп жатыр. Негізгі қағида – қаражатты расымен де қажет ететін әрі ауқымды әлеуметтік-экономикалық әсер бере алатын бағыттарға мақсатты түрде бөлу. Ал бұл тәсіл қаншалықты тиімді болатынын әрі оның отандастарымыздың өміріне қалай әсер ететіні жайлы Қаржы министрлігі Электрондық қаржы орталығының департамент директоры Айғаным Жүнісова айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мысалы, егер де жастар кәсіпкерлігін қолдау бағдарламасы жаңа жұмыс орындарының ашылуы, салық түсімдерінің артуы, стартаптардың іске қосылуы сынды жақсы нәтиже көрсетіп жатса, дәл осы бағытқа қосымша ресурстар жіберілетін болады. Ал егер де белгілі бір уақытта ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық берілсе, онда қаржыландыру осы секторға шоғырландырылады. Аталған тәсіл мемлекеттік қаражатты барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді», – деді Айғаным Жүнісова.
Ведомство өкілінің айтуынша, бұған дейін бюджеттік кредиттеу процесі негізінен қағаз түрінде жүргізіліп келді және біраз қиындық тудыратын. Несие қатысушылардың бүкіл тізбегі арқылы берілетін: Қаржы министрлігі, салалық министрліктер, әкімдіктер, агенттіктердің адвокаттары және соңында займшылардың өздері – ұйымдар, қарапайым азаматтар. Олардың арасында жасалатын келісімшарттар қолмен рәсімделіп, ақпарат электронды пошта арқылы немесе тіпті қағаз жүзіндегі есептер арқылы жіберілетін.
«Мұның салдарынан іркілістер пайда болып, деректер жоғалып, тұтастай ақшаны кімнің және қандай шарттармен алғанын, сондай-ақ қаражаттың қалай пайдаланылатынын және олардың бюджетке қайта оралатынын бақылау қиынға соқты.
2022 жылдан бастап біз бұл процестерді біртіндеп автоматтандыруды бастадық. Алдымен Қаржы министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар арасындағы республикалық деңгейдегі келісімшарттар цифрлы форматқа ауысты. Бұл жұмыстың барлығы енді «е-Қаржымині» ақпарат жүйесі арқылы жүзеге асырылады: келісімшарттарға онлайн түрде қол қойылып, барлық ақпарат тізімде тіркеліп тұрады. Ол кез келген уақытта қолжетімді әрі мониторинг арқылы тексеруге болады», – деді А.Жүнісова.
Әйтсе де жұмыстың маңызды бөлігі өңірлерге қатысты болып тұр деп атап өтті құзырлы органның өкілі. Яғни, мәселенің бәрі қажетті ақшаның тиесілі займшыға жетуіне байланысты. Дәл осы тұста қағазбастылық әлі де өзекті: әкімдіктер мен агенттер арасындағы келісімшарттар, соңғы займшылармен арадағы келісімшарттар, есептілікті қолмен жинау әлі сақталып отыр.
«Біз мұны өзгерту қажет екенін жақсы түсінеміз. Қолға алынған жұмыстың арқасында азаматтарға бюджеттік несиені алу жеңілдей түседі. Қажетті процедура оңтайландырылып, тиісті процестің өзі әділ болмақ. Әр қатысушының жобасы мемлекеттік саясаттың басымдықтарына сай келсе және экономиканы дамытуға бағытталса, онда ол қаржылай қолдауға ие бола алады. Сондықтан биылдан бастап қанатқақты жоба іске қосылмақ. Айталық, біз келісімшарттарды облыстық деңгейде автоматтандыруды бастап жатырмыз. Электронды тіркеу, берілген кредиттерді бірыңғай есепке алу және есептерді электронды қабылдау енгізіледі. Ал 2026 жылдан бастап бұрынғы жазбалар (тарих) жоғалмас үшін барлық ескі ақпаратты жүйеге көшіруді бастаймыз», – деді А.Жүнісова.
Ол сөз соңында осы арқылы мемлекеттік кредиттеу қаржыландыру құралымен қатар даму тетігіне айналатынына, нәтижесінде ақша расымен де қажетті жерге жетіп, қоғам мен тұтастай экономикаға оң нәтиже беретініне сенімділік білдірді.