80-нен астам адам алданып қалған: Маңғыстауда «LiveGood» қаржы пирамидасы әшкереленді

Автор: Асыл Арман

«LiveGood» – желілік маркетинг түрінде жасырынған пирамида

Фото: istockphoto.com

Қаржылық мониторинг агенттігінің тергеу деректері бойынша, «LiveGood» компаниясы өзін дәрілік заттар мен биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) сататын желілік маркетинг ретінде көрсеткен. Алайда, шын мәнінде бұл жүйе салымшыларды тарту арқылы тұрақты табыс уәде еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қатысу үшін өнімді сатып алу міндетті болмаған. Табыс көлемі жаңа қатысушыларды жазылу арқылы тартуға тікелей байланысты болған. Жазылу құны – 50 АҚШ долларынан басталған.

80-нен астам адам қаржысынан айырылды

Нәтижесінде, 80-нен астам азамат бұл қаржы пирамидасының құрбанына айналды. Компания уәде еткен табыс орындалмаған, ал салынған қаржылар күдікті тұлға тарапынан иеленілген.

Криптовалюта арқылы ақша жымқыру фактісі анықталды

Салымшылардан түскен қаражатты жасыру мақсатында күдікті криптовалюта биржасы арқылы заңсыз операциялар жүргізіп, ақшаны туыстарының есепшоттарына аударып отырған.

Қылмыстық жолмен алынған қаржыға ол Ақтау қаласынан екі пәтер, Lexus автокөлігін сатып алған. Жалпы шығын – 43 миллион теңге.

Күдіктінің мүлкі мен есепшоттарына тыйым салынды

Соттың санкциясымен күдіктінің:

  • 132 миллион теңге көлеміндегі есепшоттары мен мүлкіне тыйым салынды;
  • Өз басына қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Іс сотқа жолданды

Аталған іс сотқа жолданды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, басқа ақпараттар жария етілмейді.