«Өз пікірімнен бас тартпаймын»: Бағым Мұхитденова Димашты сынаған кездері жайлы айтты (ВИДЕО)
Ол оқиғаға 12 жыл өткен

Танымал музыкалық продюсер Бағым Мұхитденова өзіне қатысты ұзақ уақыт бойы айтылып жүрген пікірлерге жауап берді. Ол жүргізуші Аман Тасығанға берген сұхбатында Димаш Құдайбергеннің орындауындағы әнге байланысты айтқан сынының мәнін тарқатып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«12 жыл өтсе де, бұл тақырып әлі де қозғала береді. Бұл маған күлкілі. Шын мәнінде, менің толық ойым емес, тек бір сөйлем ғана тарап кетті. Соның нәтижесінде мен Димашқа жоғары нотамен ән айтуға тыйым салғандай болып көріндім. Негізі, мен сол әнде тек шыңғырудың қажеті жоқ екенін айттым», – деді Бағым Мұхитденова.
Продюсер «Песни» жобасында әннің сапасы талданатынын алға тартты. Оның айтуынша, Димаш орындаған туынды кәсіби тұрғыдан орта деңгейлі болған және халықаралық хитке айналуға лайық болмаған.
«Бұл – жай ғана менің кәсіби пікірім. Әннің өзі тым қарапайым әрі талғамсыз таңдалған деп есептеймін. Егер ән сапалы болса, ол шын мәнінде хитке айналар еді. Бірақ олай болған жоқ. Сондықтан өз пікірімнен бас тартпаймын», – деді Мұхитденова.
Бағым Мұхитденова кей тыңдармандардың тарапынан кешірім сұрау туралы талапқа да түсініспеушілікпен қарайтынын жеткізді.
«Маған «кешірім сұра» дегендер бар. Бірақ не үшін екені маған түсініксіз. Мен Димаштың орындау қабілетіне емес, нақты бір әннің сапасына ғана қатысты пікір білдірдім. Бұл жеке тұлғаға бағытталған сын емес», – деп түйіндеді ол.