Еуропада аптап ыстықтан 2 мыңнан астам адам көз жұмды
Көп адамның созылмалы ауруы болған

2025 жылы маусым айында Еуропададағы экстремалды ыстық 2300 адамның мезгілсіз өліміне әкелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ғалымдар 22 маусым мен 2 шілде аралығында жүргізген зерттеу барысында Батыс Еуропаның көп бөлігін шарпыған 40°C температураның адам өміріне кері әсерін бағалаған. Ауа температурасы жоғарылаған кезеңде әсіресе қарттар мен созылмалы ауруы бар адамдар қатты зардап шеккен.
Аталған кезеңде тіркелген 2300 өлім жағдайының ішінде кемінде 1500-і тікелей климаттың өзгеруіне байланысты болған. Зерттеу нәтижесінде жаһандық жылыну аптап ыстықты күшейтіп, салдарынан адам денсаулығына кері әсер еткені анықталды.
Зерттеушілердің айтуынша, аптап салдарынан болатын өлім-жітімнің көпшілігі ресми түрде тіркелмейді. Бұл жағдай нақты статистиканы шығаруға кедергі келтіріп отыр.
«Жоғары температурадан болған өлімдер көбіне басқа себептермен байланыстырылады. Сондықтан шынайы көрсеткіш ресми мәліметтерден әлдеқайда жоғары болуы мүмкін», – дейді зерттеу авторлары.