«Тергеу кезінде соққыға жықты»: елордалық полиция Перизат Қайраттың сөзін жоққа шығарды (ВИДЕО)
Полиция департаменті сол күні түсірілген видеоны жариялады
Қайырымдылыққа деп бөлінген 3 млрд теңгені ұрлады деген күдікпен істі болып жатқан Перизат Қайрат тергеу изоляторында өзін соққыға жыққанын айтқан. Осыған қатысты елордалық Полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Перизат Қайраттың айтуынша, өзін соққыға жығу оқиғасы 9 маусым күні болған.
«9 маусым күні тергеудегі П.Қайрат прокуратура органдарына арыз түсіріп, мекеме қызметкері камера есігін күштеп жапқан кезде оны есік арасына қысып, дене жарақатын келтіргенін мәлімдеген. Аталған арыз бойынша жинақталған материалдар Астана қаласы Полиция департаментіне жолданып, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Тергеу аясында мекеменің бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерделеніп, қызметкерлер мен куәлардан жауап алынды», - делінген полиция департаменті мәлімдемесінде.
Перизат Қайраттың айтуынша, оқыс жағдай камера есігін жабу кезінде болған көрінеді.
«Алғашқы тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша П.Қайрат мәлімдегендей, камера есігін жабу кезінде мекеме қызметкерлерінің оған дене жарақатын келтіруі туралы сөздері расталмайды. Бұған П.Қайрат өз арызында көрсеткен оқиға сәтіндегі бейнебақылау жазбасы дәлел болып отыр.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, тиісті сараптама тағайындалды», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, осыған дейін Перизат Қайрат өзін соққыға жыққаны туралы кеше Астанада басталған алдын ала сот тыңдауына жиналған БАҚ өкілдеріне айтқан болатын.