АҚШ Қазақстан тауарларына 25 пайыз баж салығын енгізеді: Тоқаев Трамптың хатына жауап берді
Ақорда Тоқаевтың хатында не жазылғанын жариялады

Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың Қазақстаннан импортталатын тауарларға баж салығын салу туралы хатына жауап жолдады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ақорданың мәліметінше, мемлекет басшысы Қазақстан Америка Құрама Штаттарының бұрыннан келе жатқан сенімді сауда әрі инвестициялық серіктесі ретінде әділ, түсінікті және өзара тиімді сауда байланыстарын дамытуға бейілділігін атап өтті.
Қазақстан президенті сауда мәселелері бойынша рационалды шешім әзірлеу мақсатында еліміздің конструктивті диалогты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сауда проблемасына қатысты ортақ мәмілеге қол жеткізуге болатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, осыған дейін Трамп Қазақстан тауарларына 25 пайыз баж салығын енгізетіні, осыған қатысты ҚР Сауда министрлігі мәлімдеме жасағаны хабарланған.