Алматы облысында баланы қағып, қашып кеткен жүргізуші ұсталды
Ол бұрын құқық қорғау саласында жұмыс істеген

Көкөзек ауылында баланы көлігімен қағып, оқиға орнынан бой тасалаған жүргізуші ұсталды. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. .
Lexus көлігін басқарған 42 жастағы азамат изоляторға қамалды
Полиция мәліметінше, оқиға 4 шілде күні Көкөзек ауылында болған. 42 жастағы ер адам Lexus автокөлігімен баланы қағып, ешқандай көмек көрсетпестен оқиға орнынан кетіп қалған.
«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр», – деді полиция қызметкерлері.
Оқиға сәті бейнебақылауға түсіп қалған
Әлеуметтік желіде тараған видеода көлік артқа жүріп бара жатып, көшеде тұрған жас баланы қағып кеткені анық көрінеді.
Жүргізуші көлікті тоқтатпай, оқиға орнынан еш кедергісіз кетіп қалған.
- Зардап шеккен бала жедел түрде ауруханаға жеткізілді.
- Дәрігерлер оның жағдайын бақылауда ұстап отыр.
Жүргізуші – бұрынғы полицей
Полиция көлік тізгінінде болған адам бұрын құқық қорғау саласында жұмыс істегенін растады.
Алайда ол оқиғаға дейін тәртіптік себептермен қызметтен босатылған.
Қылмыстық іс қозғалды
«Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігі («Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы») және 347-бабы («Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу») бойынша іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – делінген ресми хабарламада.