Алматы облысында баланы үш ит талады: прокурорлар мәлімдеме жасады
Кінәлілер заңға сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады, дейді прокурорлар

Алматы облысының Жалпақсай ауылында жас баланы үш иттің талап тастауына байланысты полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Алматы облысының прокуратурасы хабарлады.
Оқиғаның мән-жайы
Алдын ала мәліметке сәйкес, шабуыл жасаған иттер адамдарға әртүрлі тәуелділіктерден емдеу көмегін көрсететін жекеменшік оңалту орталығының аумағында ұсталған.
«Тергеу аясында оңалту орталығының үй жануарларын ұстау ережелерін сақталуына құқықтық баға берілетін болады», - деп жазылған хабарламада.
Прокурорлар не дейді
Кінәлі тұлғалар заң талаптарына сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады. Істің тергеу барысы прокуратураның ерекше бақылауында.
Еске сала кетейік, Алматы облысында доп теуіп жүрген 10 жасар баланы үш ит талап тастады. Бала ауыр халде Қаскелең қаласындағы аурухананың жансақтау бөліміне түсті. Куәгерлердің айтуынша, алаңда балалар футбол ойнап жүргенде бірнеше ит ішке кіріп кеткен. Балалардың көпшілігі қашып үлгергенімен, Максим есімді балаға үш ит - екі овчарка мен бір питбуль тап берген.