Cobalt пен Alphard қана емес: елімізде жол апатына жиі ұшырайтын көлік маркалары анықталды
Ведомство жол апатына жиі ұшырайтын үш көлік маркасын атады

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің ресми сауалына жауап ретінде елімізде жол-көлік оқиғасына жиі түсетін автокөліктерге қатысты деректерді ұсынды. Бұл тек жеңіл көліктерге ғана емес, жүк көліктері мен автобустарға да қатысты ақпарат.
Комитет 2024 жылғы және 2025 жылдың алғашқы тоқсанындағы (қаңтар-наурыз) мәліметтерді ұсынды. Бұл ретте тек адам өліміне немесе жарақаттануына себеп болған жол-көлік оқиғалары қамтылған.
Сонымен, жеңіл көліктер арасында жиі жол апатына ұшырайтын үш марка мыналар: Toyota Camry, Chevrolet Cobalt, Daewoo Nexia.
Ал жүк көліктері арасында ресми статистика бойынша ең көп апатқа ұшырайтын маркалар: КамАЗ, ГАЗ және Volvo.
Автобустар арасында жол апатына жиі түсетін маркалар: Yutong, ПАЗ және Golden Dragon.
«Аталған кезеңдер бойынша бұл көліктердің маркалары жылдан-жылға өзгермейтіні байқалады. Мұны сұраныс кезеңіндегі елдегі автопарк құрамымен байланыстыру қажет. Сонымен қатар, 2024 жылы Toyota Alphard көліктері жүргізушілерінің кінәсінен 216 адамның зардап шегуіне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында мұндай 31 оқиға тіркелді», – деді ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының бірінші орынбасары Руслан Әлкенов.