«Маскадағы адам» ерекше қыздың отбасына пәтер сыйлап, шетелдегі отаның ақысын төледі
Әлима кардиодефибриллятор орнату үшін Германияға ота жасатуға барады

«Маскадағы адам» қайырымдылық қоры ІІІ топтағы мүгедек, жүрек ауруына шалдыққан 13 жастағы қызы мен ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған әйелге көмектесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қордың парақшасында күнделікті шығындар мен медициналық тексеріс шығындарын әрең көтеріп, пәтер жалдап тұратын отбасының видеосы жарияланды. Емге ақша жинау үшін қыз анасымен бірге қолдан білезік тоқып, сатумен айналысып келген.
Қор отбасына пәтер сыйлап, баланың шетелде еміне кететін барлық шығынды өз мойнына алды. Қайырымдылық шарасын «Маскадағы адам» бүркеншік атымен танымал қордың негізін қалаушы елге көрсетті.
Ол Әлиманың кардиодефибриллятор орнату үшін Германияға ота жасатуға баратынын айтты. Сондай-ақ қор Әлима мен оның бауыры қалап жатса, оларға жақсы білім алуға көмектесуге уәде берді. Ал балалардың анасы өзінің ашқысы келетін кәсібіне қолдау алады.