Сібе көлдерінде адасып кеткен бала табылды
Ата-анасы оны бірнеше сағат бойы өз бетінше іздеген

Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері Сібе көлдері маңындағы демалыс базасында жоғалып кеткен 8 жастағы баланы іздеп тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Анасының айтуынша, баласы серуендеу кезінде көзден таса болған.
«Ата-анасы оны бірнеше сағат бойы өз бетінше іздеген, алайда нәтиже болмаған соң, жағалауды патрульдеп жүрген полицейлерден көмек сұраған», - деп жазылған хабарламада.
Іздестіру жұмыстарына оқиға орнында кезекшілік атқарып жүрген барлық қызметкер дереу жұмылдырылды.
«Көп ұзамай баланы аға лейтенант Ерсін Сұлтанов тапты. Бақытымызға орай, баланың жағдайы жақсы, полиция қызметкері оны ата-анасына тапсырды», - дейді полицейлер.
Құқық қорғау органдары азаматтарды су айдындары маңында ерекше сақ болуға шақырды.