Ақмола облысында туберкулез өршіп тұр: 4 адам көз жұмды
Соңғы бес айдың ішінде өңірде 111 адам өкпе дертіне шалдыққан

Ақмола облысында туберкулез дерті өршіп тұр. Соңғы бес айдың ішінде өңірде 111 адам өкпе құртына шалдыққан. Өкінішке қарай, ауруы асқынған төрт адам көз жұмды. Олардың екеуі – Ақкөл мен Сандықтау аудандарынан, қалған екеуі – Көкшетау қаласының тұрғындары. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі КТК телеканалына сілтеме жасап хабарлайды.
Қауіпті дерт қай өңірлерде жиі кездеседі?
Мамандардың айтуынша, туберкулез ауруы әсіресе мына аудандарда жиі тіркеліп отыр:
- Ақкөл;
- Бұланды;
- Бурабай;
- Біржан сал;
- Ерейментау;
- Есіл;
- Жақсы.
Бұл өңірлерде жұқпалы дертке шалдығу деңгейі алаңдатарлық күйде.
Аурудың көбею себебі – немқұрайлылық
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Жанаргүл Есімжанованың айтуынша, туберкулездің таралуына ең басты себеп – тұрғындардың өз денсаулығына салғырт қарауы.
«Адамдар медициналық көмекті уақытында іздемейді. Флюорографиядан дер кезінде өтпейді. Сондай-ақ төмен күнкөріс деңгейі, басқа аурулардың қатар жүруі де туберкулездің жұғуына себеп болады», – дейді маман.
Мамандар не ұсынады?
Дәрігерлер жыл сайын профилактикалық шаралар жүргізіп, тұрғындарды салауатты өмір салтына көшуге шақырып келеді. Уақытында флюорографиялық тексеруден өту, иммунитетті күшейту, және дәрігер кеңесіне құлақ асу – дерттің алдын алудың ең тиімді жолдары екенін ескертеді.