Үкімет Қазақстанға «бөлшектеніп» келіп жатқан көліктерге қатысты тексеру жүргізеді
Ерлан Саиров ішкі көлік нарығын реттеу керек дейді

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Қазақстанның ішкі нарығын шетелден келетін сапасыз және заңсыз көліктерден қорғау қажет екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның сөзінше, ЕАЭО елдері арқылы үшінші елдерден, әсіресе Жапониядан келген оң рульді автокөліктер елімізге заңсыз кіріп жатыр.Депутаттың айтуынша, соңғы екі жылда Қазақстанға осындай 56 мың көлік кіріп, мемлекетке 70 миллиард теңге көлемінде экономикалық залал келген деген бейресми деректер бар.
Ерлан Саировтың сөзінше, бұл көліктерді әлдекімдер Қазақстанға бөлшектеп кіргізеді, кейін ел ішінде қайта құрастып, жаңа құжаттармен рәсімделеді.
«Бұл әрекет заңды айналып өту тәсілі ретінде пайдаланылып отыр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай механизм ел экономикасына жүздеген миллиард теңге шығын әкелуі мүмкін»,- дейді ол.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин аталған мәселе туралы ақпаратты растады.
«Ондайды естігеніміз бар. Көлік бөлшек ретінде кіріп, құрастырылады. Бірақ 56 мың көлік деген ақпаратты естімедік»,– деді ол.
Министр Мәжіліс депутатының өтінішін ескеріп, уәкілетті органдарға тексеру жүргізуді тапсырмақ.