Журналист Пашинянның әйелін сотқа берді
Журналист Борис Мурази премьер-министрдің жұбайын жала жапты деп айыптады

«Politik.am» сайтының бас редакторы Борис Мурази Армения премьер-министрі Никол Пашинянның жұбайы Анна Акопянға қарсы сотқа талап қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Муразидің айтуынша, ол Акопянның тарапынан таратылған жалған және жала жабатын мәліметтерге байланысты сотқа жүгінген.
«Иә, сіздің ақпаратыңызды растаймын. Мен Анна Акопянға қарсы талап арыз бердім. Бұл мен үшін жеке мәселе емес. Ол ондаған адамға, дін қызметкерлеріне жала жапты. Маған қатысты да өте дөрекі жазба жариялады. Сондықтан мен оны сотқа беріп, Пашинян отбасының мүшесін қоғамға қарсы әрекеттері үшін жауапқа тартамын», – деді Борис Мурази.
Журналист Анна Акопяннан таратқан мәліметтерді теріске шығарып, кешірім сұрауын және 2 миллион армян драмын өтемақы ретінде төлеуін талап етіп отыр.
Мурази сонымен қатар, сот шешімімен өндірілетін қаражатты жеке мақсатта пайдаланбайтынын атап өтті.
«Маған төленетін бұл қаржыны жеке мақсатқа жұмсамаймын. Оны өте маңызды бір іске бағыттаймыз. Бұл туралы жақын күндері толығырақ хабарлаймын», – деді ол.