«Уақытша күте тұруға тура келеді»: Қатардағы Қазақстан елшілігі үндеу жасады
Қажет болған жағдайда екі ел азаматтардың қаупсіздігін бірлесіп қамтамасыз етпек

Қатардағы Қазақстан елшілігі сол елдегі қазақстандықтарға арнап мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қатар мемлекетінде қазіргі уақытта жағдай тұрақты және қауіпсіз. Барлық тұрғын мен ел қонақтарын сабыр сақтауға, дүрбелеңге бой алдырмауға және жалпы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз. Қазіргі таңда Қатар аумағындағы әуе кеңістігі толықтай жабық. Осыған байланысты, елімізден аттанған және елге қайта алмай отырған қазақстандық туристерге уақытша күтуге тура келеді», - деп хабарлады елшілік.
Авиабайланыс қалпына келтірілген бойда, жаңа рейс күндері туралы тиісті ақпарат қазақстандық туроператорларға дереу жеткізіледі. Бұл бағытта қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазақстан Республикасының Қатардағы елшілігі елдегі жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр. Қажет болған жағдайда, Қазақстан мен Қатар тараптарының құзыретті органдарымен бірлесіп, ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылданады.
Азаматтарымыздан ахуал тұрақталғанға дейін қауіпсіз жерде қалып, ресми ақпарат көздерін ғана қадағалауды сұраймыз.
Қазақстан Республикасының Катардағы Елшілігінің жедел байланыс желісі:
- +974 4411 0527;
- +974 4412 8015;
- +974 5064 9955.