Нұр-Сұлтанда түтінге тұншыққан 5 адам құтқарылды
Елордада пәтерлердің кіреберісіндегі қалың түтін арасынан 5 адам құтқарылды, оның біреуі бала, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап
28 қазанда 13 сағат 13 минутта «101» пультіне Абылай хан көшесіндегі өрт туралы хабарлама түскен. Өрт сөндіру бөлімшелері 6 минуттан кейін оқиға орнына келіп жеткенде, аумағы 10 шаршы метрді қамтыған он қабатты тұрғын үйдің 9-қабатындағы пәтердің қонақ бөлмесінде жиһаздар жанып жатқан.
«Кіреберіс қатты түтіндеп, адамдардың өміріне қауіп төндірді. Тұрғындарды эвакуациялауды газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары ұйымдастырды. 10-ӨСБ өрт сөндірушілерінің жедел әрекет етуінің арқасында 5 адам құтқарылды, оның 1-і бала. Өрт 13 сағат 31 минутта сөндірілді. Оған жеке құрамнан 17 адам және 4 техника қатысты»,- делінген хабарламада.
Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, өртті сөндіру барысында газдан жеңіл уланған әйел ауруханаға жеткізілген.