«Аяғынан айырылды»: Павлодарда бұрынғы әйелін өлтірмек болған ер адам сотталды
Алған жарақаттардың салдарынан дәрігерлер жәбірленушінің сол аяғын кесіп тастаған

Павлодарда бұрынғы әйелін өлтірмек болған ер адам 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қасақана жылдамдықты арттырған
Павлодар облысы сотының мәліметінше 2025 жылдың 6 қаңтарында таңертең «MERCEDES-BENZ 320 ML» маркалы автокөлігін мінген Ю., Павлодар қаласында бұрынғы әйелі М.-ды өлтіру мақсатында кенет жылдамдықты арттырып, оны павильонның қабырғасына қысып жіберген.
«Алайда павильонның кассир-сатушысы жәбірленушіге көмекке жүгіргендіктен, ол өзінің қылмыстық ниетін аяқтай алмады», - деп жазылған хабарламада.
Алған жарақаттардың салдарынан дәрігерлер жәбірленушінің сол аяғын кесіп тастаған.
Прокурор жасалған қылмыс үшін 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұрады. Жәбірленуші мемлекеттік айыптаушымен толық келісті. Сотталушы мен оның қорғаушысы өлтіру ниеті болмағанын айтып, бұл әрекетті онша ауыр емес қылмыс санатына ауыстыруды сұрады.
Сот қандай жаза кесті
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, бейне жазбалармен және сотта зерттелген басқа да дәлелдемелермен расталды. Ю.-дың жасаған қылмысы аса ауыр қылмыстар санатына жатады және 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады.
«Сот жәбірленушінің пікірін ескере отырып, Ю.-ға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті», - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ кінәлі тараптан жәбірленушіге 1 212 160 теңге материалдық шығын және 15 000 000 теңге моральдық зиян өндірілді.
Өтемақы мөлшері жәбірленуші М.-ның тән ауруы мен жан азабын бастан кешіріп, күні бүгінге дейін емделуін жалғастырып келе жатқаны, ұзақ уақыт бойы оңалту және протездеу жұмыстарымен бетпе-бет келетіні ескеріліп анықталды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.