Қосшыда зейнеткер жалған инвестициялық жобаға 16 млн теңгесін аударып жіберді
Зейнет жасындағы әйел алаяқтардың арбауына түсіп, барлық жинаған қаражатын жоғалтты

Ақмола облысында 65 жастағы әйел инвестиция арқылы екі есе табыс табамын деген ниетпен 16 миллион теңге көлемінде ақшасынан айырылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жалған сайт – танымал компанияның атымен
Оқиға Астанаға жақын орналасқан Қосшы қаласында тіркелген. Зейнеткер әйел танымал қазақстандық компанияның атауын пайдаланған жалған инвестициялық сайтқа кіріп, тіркеуден өткен. Осыдан кейін оған «қаржы кеңесшілері» хабарласып, алдамшы схеманың құрбанына айналды.
«Телефон арқылы қоңырау шалған алаяқтар әйелді толық сендіріп, оның еш күмәнданбай айтқанын орындауына себеп болған», – деп мәлімдеді Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі.
Тіпті несие мен қарыз алған қаражатын аударған
Зейнеткердің айтуынша, ол бұл ақшаны жолдасымен бірге ипотекалық несиені жабу үшін ұзақ жылдар бойы жинаған. Алаяқтарға сеніп қалған әйел жеке жинақ ақшасын, несие арқылы алынған қаражатты, таныстарынан қарызға алған соманы аударып жіберген. Жалпы шығын көлемі 16 миллион теңгеден асып отыр.
Алаяқтар қосымша ақша талап еткенде ғана алданғанын түсінген
Кезекті «инвестициялық табысты шығару» үшін қосымша қаржы сұралғанда ғана әйел алаяқтардың арбауына түскенін ұққан. Қазіргі таңда полиция жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.
Полиция ескертеді: инвестициялық алаяқтарға сенбеңіз!
Полиция азаматтарға интернетте күмәнді сілтемелерге өтпеуді, жеке мәліметтер мен банк деректерін бөгде адамдарға айтпауды қатаң ескертеді. Кез келген инвестициялық ұсынысты тек ресми дереккөздер арқылы тексерген жөн.