Абу Дабиде жүзден астам отандасымыз елге қайта алмай отыр
Жолаушыларды қонақүйге орналастырып, екі мезгіл тамақпен қамтамасыз еткен

Иран әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Абу Дабиде қалған жүзден астам отандасымыз елге әлі оралған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kz-ке сілтеме жасап.
Әбу Дабиге ұшақ ұшпайды
Тасымалдаушы халықаралық компания жолаушыларды қонақүйге орналастырып, екі мезгіл тамақпен қамтамасыз еткен. Түркістан мен Алматыға ұшуға тиіс әуе рейстері қауіпсіздік мақсатында кейінге шегерілді.
Сондай-ақ Түркістан, Алматы және Астанадан Әбу Дабиге әзірге ұшақ ұшпайтын болды. Тасымалдаушы тарап билет құны толығымен өтеледі деді.
Консул мәселені шешіп жатыр
Жолаушылардың бір бөлігі Иран кеңістігін айналып өтетін басқа әуе компанияларының көмегіне жүгініп, билет құны қымбат болғанына қарамастан Дубай және Ыстамбұл арқылы елге оралып үлгерді.
«13 маусымда біз Алматыға қайтайық деген едік. Бірақ бізге рейс орындалмайды деді. Осы жақта қалдық. 100 адамдай. Отельде тұрып жатырмыз. Еліміздің консулы келді, осы сұрақты шешіп жатыр. Әуежайда күтіп отырмыз. Әзірге 23 маусымға алдық», - дейді жолаушы Дина Жұмағұлова.
Еске салайық, Иран мен Израиль арасындағы қақтығысқа байланысты бұл елдердің әуе кеңістігі 13 маусым күні азаматтық авиация үшін жабылған болатын. Салдарынан Алматы және Түркістан қалаларына ұшуға тиіс бірнеше рейс кейінге шегеріліп, 150-ге жуық отандасымыз Әбу Даби әуежайы мен қонақүйлерді жағалап кеткен.