Жетісу облысында блогер кәсіпкерден 10 миллион теңге бопсалаған
Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді

Жетісу облысы Қаратал аудандық сотында кәсіпкерден ірі көлемде ақша бопсалады деп айыпталған жергілікті блогерге қатысты атышулы қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Не болған еді?
2024 жылдың күзінде 29 мыңнан астам жазылушысы бар Instagram-дағы ZohanTV аккаунтының иесі жеке құрылыс салушыдан 10 миллион теңге бопсалаған. Бұл ақшаны Қаратал ауданындағы тұрғын үйлердің құрылыс сапасына қатысты видеоларды жою үшін талап етіпті.
Сотта блогер кәсіпкердің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін контентті одан әрі таратамын деп қорқытқаны анықталды.
Қылмыс үстінде ұсталды
«Қаржыны алып жатқан кезде полиция қызметкерлері П.-ны ұстады», - деп хабарлады Қаратал аудандық соты.
Осыдан кейін оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы (ірі мөлшерде бопсалау) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сот отырысында П., өз кінәсін мойындамады, қорғаушысы ақтауды талап етті. Прокуратура, керісінше, соттан сотталушыны кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сот шешімі
Сот сотталушыны кінәлі деп тапты: іс материалдарында жәбірленушінің, куәлардың және басқа да дәлелдемелер бар. Сот үкімімен азамат П.-ға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді, ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді.
Сот сонымен қатар кәсіпкердің азаматтық талап арызын ішінара қанағаттандырды: моральдық және материалдық шығын ретінде 350 мың теңге өндіріледі.
Сотталушының кәмелетке толмаған балаларының болуы жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді. Ауырлататын факторлар табылмады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған шағым жасауға болады.