«Банктен шыға бере байқап қалған»: Қостанайда адам сенгісіз оқиға болды
Қала тұрғыны анасын ғана емес, көшедегі бейтаныс адамды да алаяқтардың құрбаны болудан аман алып қалды

Қостанай қаласында адам сенгісіз, тіпті кино сценариіне сұранып тұрған оқиға болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бәрі зейнеткер әйелге түскен күмәнді телефон қоңырауынан басталған. Қоңырау шалған адам өзін банк қызметкері ретінде таныстырып: "Сіздің шотыңызда күдікті транзакциялар тіркелді. Ақшаңызды сақтау үшін шұғыл әрекет ету қажет" - деп жәбірленушіні үрейге салған.
Әйел оның айтқандарына сеніп, айтылған нұсқауларды орындауға дайын болған. Абырой болғанда, дәл осы сәтте оның ұлы араласып, жағдайды өз қолына алды. Ол банкке өзі барып, мән-жайды анықтамақ болды.
Қырағы банк қызметкерлері бірден киберқылмысқа қарсы күрес басқармасына хабарлап, полицейлермен бірге қоңыраудың шетелден шалынғанын анықтады. Бұл – классикалық телефон алаяқтығының схемасы болатын.
Бірақ оқиға мұнымен бітпеді. Зейнеткердің ұлы банк бөлімшесінен шыға бере, қолында қомақты ақшасы бар, телефонмен сөйлесіп тұрған тағы бір ер адамды байқап қалды. Телефондағы дауыс оған таныс естілді – дәл сол алаяқтың дауысы. Жедел әрекет еткен азамат бұл адамды да тоқтатып, алаяқтар құрбаны болудан аман алып қалды. Ол алаяққа 3 млн теңге аударғалы тұрған екен.