$ 540.78  618.65  6.71
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жамбыл облысының тұрғыны мүгедек енесінің атынан бірнеше несие алып, қашып кеткен

Қаскүнем жәбірленушінің атына электронды цифрлық қолтаңбаны ашамын деген желеумен арам ойын іске асырған

Жамбыл облысының тұрғыны мүгедек енесінің атынан бірнеше несие алып, қашып кеткен
Фото: pixabay

Жамбыл облысында көзі нашар көретін әйел алаяқтықтың құрбаны болды. Қылмыскер өзінің келіні болып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мойынқұм аудандық сотының мәліметінше қаскүнемге қатысты алаяқтық бабы (ҚР ҚК 190-бабының 1-бөлігі) бойынша үкім шығарылды.

Шығын 500 мыңнан асады

2025 жылдың наурыз айында сотталушы енесі нашар көретінін біле тұра, оның атынан бірнеше рет несие алып, кейін Алматыға кетіп қалған. Әйел жәбірленушінің атына электронды цифрлық қолтаңбаны ашамын деген желеумен арам ойын іске асырған.

Осылайша алаяқ келін 514 мың теңге материалдық шығын келтірген.

Іс материалдарына сәйкес, прокурор бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза кесуді сұраған.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігі мүлікті тәркілеп, айыппұл салуды немесе 1000 АЕК (3 932 000 теңге) мөлшерінде түзеу жұмыстарына, не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуды, екі жылға дейін бас бостандығынан шектеуді немесе айыруды қарастырады», - деп түсіндірді Мойынқұм аудандық сотының баспасөз қызметі.

Кінәсін мойындады

Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Сондай-ақ ол қазір жәбірленушімен татуласқанын айтып, осыған байланысты соттан жазаны жеңілдетуді сұрады.

«Сот үкімімен Г. Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді», - деп жазылған хабарламада.

Сот сотталушының кінәсін мойындағанын және шын жүректен өкінгенін қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Ешқандай ауырлататын мән-жай анықталған жоқ.

Үкім заңды күшіне енді.  

Серіктес жаңалықтары