Асхат Тағыберген Солтүстік Македониядан жеңілгеннен кейін құрамадағы карьерасын аяқтады
Қазақстан өз алаңында Солтүстік Македониядан ұтылып қалды

Қазақстан ұлттық құрамасы Астана-арена стадионында өткен матчта Солтүстік Македониядан 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Матчтан кейін команда капитаны Асхат Тағыберген ұлттық құрамадағы карьерасын аяқтайтынын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қос команда арасындағы кездесу 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің төртінші тур аясында өтті.
Бірінші таймда шешілген тағдыр
Ойын тағдыры бірінші таймда-ақ шешілді. Кездесудің 33-минутында хорватиялық «Хайдук» командасының шабуылшысы Александр Трайковски есеп ашып, қонақтарды алға шығарды. Есеп: 0:1.
Қарымта шабуылдар нәтиже берген жоқ
Екінші таймда отандастарымыз есепті теңестіруге тырысқанымен, Солтүстік Македония қорғанысы сыр бере қойған жоқ. Қосымша берілген тоғыз минутқа қарамастан, есеп өзгеріссіз қалды.
Дастан Сәтпаев алаңға шықты
«Челси» командасының ойыншысы, Алматының «Қайратына» жалға берілген жартылай қорғаушы Дастан Сатпаев 59-минутта алаңға шыққан, алайда нәтижелі әрекет көрсете алған жоқ.
«Бұл – менің соңғы ойыным»
Айта кетейік, Асхат Тағыбергеннің бұл шешімін құраманың бас бапкері Әли Әлиев матчтан кейінгі баспасөз конференциясында мәлім етті.
«Бүгінгі кездесуім – ұлттық құрамадағы соңғы матчым. Өзім осындай шешім қабылдадым. Жастарға жол бер деп жатыр, сол себепті жол берейік. Ал клубтағы ойындарымды жалғастыра беремін», - деді матчтан кейін Асхат Тағыберген көзі жасаурап.
Асхат Тағыберген Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 2014 жылдан бері өнер көрсетеді. Ал 2021 жылдан бастап ұлттық құраманың капитаны міндетін атқарып келеді. Бүгінге дейін Қазақстан құрамасы сапында 63 матчта алаңға шығып, 3 гол, 7 нәтижелі пастың авторы атанды.
Асхат Тағыбергеннің Дания құрамасына соққан голы ФИФА-ның Пушкаш сыйлығына үміткерлердің қатарында болды.