$ 519.29  613.28  6.62
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Ролан Гаррос»: Карлос Алькарас үш матчболдан аман шығып, турнирді жеңіп алды

«Үлкен дулыға» турнирлеріндегі бесінші финалында жеңіске жетті

«Ролан Гаррос»: Карлос Алькарас үш матчболдан аман шығып, турнирді жеңіп алды
Фото: Instagram/rolandgarros

Ерлер арасындағы жекелей сында әлемнің екінші ракеткасы – испаниялық Карлос Алькарас өзінің карьерасында екінші рет «Ролан Гаррос» турнирінің чемпионы атанды. Ол бес сетке созылған тартысты матчта әлемдік рейтингтің көшбасшысы, италиялық Янник Синнерді жеңді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу 5 сағат 31 минутқа созылды. Есеп: 6:7 (4:7), 4:6, 6:4, 7:6 (7:3), 7:6 (10:2).

Бұл – қос теннисші арасындағы 12-матч болды, Алькарас Синнерді сегізінші мәрте жеңіп отыр. Карлос «Ролан Гаррос» турниріндегі чемпиондық атағын қорғап қалды. Дегенмен жеңіліске өте жақын тұрған еді. Төртінші сетте Синнер есепте 5:3 болып алда келе жатып, 40:0 есебімен үш матчбол иеленген еді. Алайда Алькарас барлығын қайтарып, кездесуді бесінші сетке жеткізді. Ал соңғы партияда Алькарастің өзі брейкпен алда келе жатып, есесін жіберіп қойды. Ақырында бәрі супер тай-брейкте шешілді, онда италиялық теннисшінің ойыны мүлде жүрмей қалды.

Карлос Алькарас осымен «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі бесінші трофейін жеңіп отыр. Ол екі мәрте «Ролан Гаррос» пен «Уимблдонды» ұтып, сондай-ақ US Open турнирінің де жеңімпазы атанған. Испаниялық теннисші әзірге «мейджорлар» финалында бірде-бір рет жеңіліп көрмеген.

Серіктес жаңалықтары