Өскеменде қыз бала Ертіс өзеніне құлап кетті
Қыз баланы полицейлер құтқарып қалды

Өскеменде Ертіс өзеніне құлап кеткен қыз баланы полиция қызметкерлері құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 102 арнасына белгісіз қыз қоңырау шалып, Славский жағалауы тұсынан Ертіс өзеніне секіретінін хабарлаған. Оқиға орнына дереу қалалық Полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының экипажы – аға лейтенанттар Ерғанат Жақыпов пен Қуаныш Бөксенов жіберілді.
«Полицейлер келген сәтте қыз суға түсіп үлгерген. Қызметкерлердің жедел және үйлесімді әрекетінің нәтижесінде оны дереу судан шығарып, жағаға көтеріп алды. Оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырылды. Аталған жағдай бойынша тексеру жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Егер сіз немесе жақындарыңыз қиын жағдайға тап болсаңыздар, жалғыз қалмаңыздар. Көмек сұрап, 102 нөміріне хабарласыңыз – көмек ең қажетті сәтте келуі мүмкін.
Ешбір мәселе адам өмірінен қымбат емес. Сіз жалғыз емессіз, көмек әрқашан қасыңызда екенін еске саламыз», - делінген ШҚО ПД хабарламасында.