$ 541.82  627.1  6.78
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Кеудесіне 26 рет сұққан»: Астанада ер адам күзетшіні асқан қатыгездікпен өлтірген

Оған қатысты сот үкімі жарияланды

«Кеудесіне 26 рет сұққан»: Астанада ер адам күзетшіні асқан қатыгездікпен өлтірген
Фото: istockphoto.com

Астанада күзет қызметкерін ерекше қатыгездікпен өлтірген ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қатыгез қылмыстың мән-жайы

Сот материалдарына сәйкес, 2024 жылдың 24 қаңтарында жеке кәсіпкер «К»-ның басшысы өзінің күзетшісі П.-ға қойма аумағынан азамат А.-ны шығарып жіберуді тапсырған. Тапсырманы орындау кезінде П. мен А. арасында ауызша жанжал туындаған.

Жанжалдың арты зорлық-зомбылыққа ұласты. Азамат А. күзет бөлмесінде П.-ға беттен жұдырықпен соққы жасап, нәтижесінде күзетші есінен танып, еденге құлаған.

«Одан кейін А. есік жауып, П. есін жиғанын көріп, оны қасақана өлтіруге шешім қабылдаған. Ол курткасының оң қалтасынан өз қолымен жасалған өткір затты шығарып, П.-ның кеуде және іш тұсына 26 рет соққы жасаған. Күзетші оқиға орнында көз жұмды», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Айыптау және дәлелдер

Мемлекеттік айыптаушы А.-ны 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда сотталушы кінәсін ішінара ғана мойындаған.

Сот А.-ның кінәсі оның өз түсініктемелерімен, жәбірленуші тараптың, куәгерлердің жауаптарымен, оқиға орнын қарау хаттамаларымен, сот-медициналық сараптамалар қорытындысымен және басқа да дәлелдермен толық дәлелденгенін мәлімдеді.

Сот үкімі және жазаны жеңілдететін жағдай

Сот А.-ның жас баласының барын оның жауапкершілігін жеңілдететін жағдай ретінде таныды.

«Сот үкімімен А. ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі, 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ сот А.-дан жәбірленуші тараптың пайдасына 8 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндіріп беруге шешім шығарды.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары