$ 541.45  631.17  6.78
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мемлекет меншігіне қайтарылған жердің жартысы игеріле бастады

2022–2024 жылдары 12,2 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған

Мемлекет меншігіне қайтарылған жердің жартысы игеріле бастады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

Мемлекет меншігіне қайтарылған жердің жартысы игеруге берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Халыққа 2 млн гектар жайылым қайтарылды

Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметінше, 2022–2024 жылдары мемлекет меншігіне қайтарылған 12,2 млн гектар жердің 5,9 млн гектары қайта бөлінді.  

Оның ішінде:

  • елді мекен маңындағы 2 млн гектар жайылым жергілікті халықтың мал жаюы үшін ортақ пайдалануға берілді,
  • қалған 3,9 млн гектар жер ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері арасында конкурс арқылы үлестірілді.

«Кейінгі үш жылда жергілікті инспекциялардың араласуынан кейін бұрын пайдаланылмай жатқан 3,8 млн гектар жерді бұрынғы жер иелері қайта игере бастады», - деп жазылған хабарламада.

2025 жылы мемлекеттік меншікке қайтару жоспарланған 2 млн гектар ауыл шаруашылығы айналымындағы жердің қазірдің өзінде 979,1 мың гектары қайтарылды.

Деректер цифрландырылды

Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов Жер ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі республикалық комиссия отырысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді әрі ашық бөлу тетіктерін әзірлеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Негізгі қадамдардың бірі – мәліметтерді цифрландыру және жер телімдерін бөлу бойынша электронды конкурстарға көшу.

«Бүгінге дейін шөл және шөлейт алқаптарды қоспағанда, ауыл шаруашылығы айналымындағы барлығы 205,5 млн гектар жер цифрландырылды. 2025 жылдың соңына дейін карталар деректерін тиісті координаттық жүйеге жүктеу жоспарланып отыр», - дейді Мұрат Теміржанов.

 

Сонымен қатар жиында белсенді ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жер пайдалану құқығын ұзарту және маусымдық шаруашылықтардың қызметін реттеу мәселелері қаралды.

 

Серіктес жаңалықтары