Нұрлан имам құрбандық дұғасын оқып жатқанда қой қашып кетті (ВИДЕО)
Бәрі жабылып жүріп қойды ұстай алмаған

Нұрлан имам деген атпен танымал Нұрлан Байжігітұлы Құрбан айт кезінде басынан өткен қызықты оқиғаны баяндап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қой кетті!»
Оның айтуынша құрбандық малы көз алдында қашып кеткен.
«Қай саланың адамы екенін айтпай-ақ қояйын, бір қызметтегі кісі қой құрбандыққа шалатын болды. Көзімді жұмып, дұға оқып жатыр едім. Бір кезде мені түртті, неге түртіп жатыр екен деп ойладым да, жалғастыра бердім. Тағы түртіп, «қой кетті!» деді. Көзімді ашсам, қой қашып бара жатыр», - деп күлді Нұрлан Байжігітұлы.
Бәрі жабылса да қойды ұстай алмаған.
«Бастыққа жағымпазданып, бәріміз қойды іздедік. Ол бір семіз қой екен, ұстатқызбады. Содан басымды шауып алса да айтайын деп, «бұл малды өз ақшаңызға алдыңыз ба, «левый» ақша емес пе еді?» деп сұрадым. Жо-жоқ, айлығымнан алып едім деп жауап берді», - дейді ол.
Құрбандық малы қашып кетсе не істеу керек
Нұрлан имамның айтуынша байлар қашып кеткен малдың орнына басқа малды шалуға міндетті.
«Енді қызығы, бұл нәрсе кітапта бар екен. Егер соятын мал қашып кетсе, яки өліп қалса, бай адам болса қой алсын дейді. Нақты солай жазылған. Егер бай адам болмай, бар ақшасына алған болса, онда құрбан шалған болып есептеледі екен», - деп түйіндеді ол.