$ 510.19  582.79  6.46
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«AMANAT» партиясы Түркістан облысында «Ақылды бала» іс-шарасын өткізді

Іс-шараға қатысқан 60-қа жуық бала мен ата-ана қатысты

«AMANAT» партиясы Түркістан облысында «Ақылды бала» іс-шарасын өткізді
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты отбасы институтын нығайту және оның қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында «Балаңа уақыт арна» акциясын жария еткені белгілі. Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Әйелдер қанатының бастамасымен Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында аталмыш акциясы аясындағы «Ақылды бала» іс-шарасы өтті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ата-аналар мен балалар арасындағы терең рухани байланыстардың қуатты болуын қамтуға арналған іс-шараның өтуіне партияның облыстық филиалы төрағасының Әйелдер қанаты бойынша кеңесшісі, партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева мұрындық болды.

«Отбасы – қоғамның тірегі. Ата-аналардың балалармен уақыт өткізуіне себебші болу, ең жақын адамдар арасында ортақ қызығушылықтарды арттыру, оларды өмірдің жарқын сәттерінде әрдайым бірге болуға ынталандыру, өскелең ұрпақты жасампаздық рухта тәрбиелеу – баршамыз атқаруымыз керек қастерлі міндет. Отан – отбасынан басталады. Бүгін отаншыл азаматтардың мерекесі. Мемлекеттік рәміздер – ұлт болып ұйысуымыздың басты белгілері. Қазақстан – бәрімізге ортақ қасиетті шаңырақ. Көк туымыз – ашық аспанымыздың кепілі. Елтаңбамыз – тарих пен дәстүр сабақтастығының символы. Әнұранымыз – асқақ елдік пен ерліктің нышаны. Мемлекетіміздің ұстыны болып саналатын рәміздерге деген қадір-құрметіміз – отбасынан басталады», - деп атап өтті Қалыйма Жантөреқызы.

Мерекелік іс-шарада Түркістан қалалық мәслихатының және «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, Түркістан қалалық Оқушылар сарайының директоры Индира Икапова сөз алып, балалар мен олардың ата-аналарын Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен құттықтады. Отбасы тәрбиесінің маңыздылығы айтылды, баламен рухани үндестік пен үйлесімділікке ұмтылу, халықтың тәлімдік мұрасын сақтау, жас буынды білім мен шығармашылыққа баулу, оларды еңбек құндылықтарына тәрбиелеу – ата-ана мен қоғамның ең басты парызы деп байыпталды.

Іс-шараға қатысқан 60-қа жуық бала мен олардың ата-аналары шығармашылық үйірмелер бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Мүсін және керамика үйірмесінде балалар «Елтаңба ізімен» тақырыбы бойынша саздан Елтаңба үлгілерін және ою-өрнекті медальондар жасап шығарды. Сурет үйірмесінде балақайлар «Менің Туым – менің мақтанышым!» тақырыбында мемлекет туды шығармашылығына арқау етті. «Туған елге – өз қолыңмен сый» тақырыптық аппликациялар, қағаздан шағын ту мен елтаңбаны балалар «Шебер қолдар» үйірмесінде жасап шығарды. Сондай-ақ өскелең ұрпақ шахматтан «Ақылдылар елі» сайысына қатысса, домбыра үйірмесіне қатысушылар «Күймен тербелген көк байрақ» париоттық күйлер орындаудан жарысқа түсті. Ермексазбен мүсіндеу үйірмесінде шағын рәміздік мүсіндер жасап шығарды.

Іс-шараға қатысқан ата-аналар балалардың тұлғалық дамуына серпін беретін бастаманы өткізуге ұйытқы болған «AMANAT» партиясына ризашылықтарын білдірді.

«Немерем мектеп жанындағы таэквондо үйірмесіне қатысады. Жазғы демалыс кезеңінде күннің астында бос жүрмесін деп бүгінгі іс-шараға қатыстырып отырмын. Оқушылар сарайында балаларымыздың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Немеремнің осындағы үйірмелерге қызығушылығы артып отыр. Мектепің де, Оқушылар сарайының да жұмысына ата-ана ретінде көңілім толады», - дейді бастауыш сыныпта оқитын немересін іс-шараға алып келген Алтынкүл Мыңжанқызы.

Облыстық партия филиалы жанындағы Әйелдер қанаты отбасы құндылықтарын насихаттау, әйел азаматтардың құқықтарын сақтау, олардың мүдделерін қорғау, қыз-келіншектердің азаматтық бастамаларына қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарын одан әрі жүйелі түрде жалғастыра беретін болады.

Серіктес жаңалықтары