Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы арзандауы мүмкін
Дәрі-дәрмектің шекті бағасына қосылатын бірқатар үстеме баға алынып тасталды

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев дәрілік заттардың баға қалыптастыру моделі қалай өзгергенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, дәрі-дәрмектің шекті бағасына қосылатын бірқатар үстеме баға алынып тасталды. Олардың ішінде маркетингтік, көлік және кедендік үстемелер бар.
«1 шілдеге дейін Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген дәрілік заттарға қайта есептеу жүргізіледі. Қазіргі уақытта фармацевтикалық қауымдастықпен белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз мемлекеттік тегін медициналық көмек (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында дәрі-дәрмек бағасы шамамен 19%-ға, ал көтерме және бөлшек сауда сегменттерінде шамамен 30%-ға төмендейді деп болжап отырмыз», – деді Ержан Нұрлыбаев сейсенбі күні.