«Мәйітін ауруханаға әкеп тастаған»: ШҚО-да ер адамды асқан қатыгездікпен өлтіріп кеткен
Облыстық Полиция департаменті түсініктеме берді

Әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысында ер адамды ұрлап, қатыгездікпен өлтіргені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Кейбір дереккөздердің хабарлауынша, ШҚО-да кешке жас жігітті ұрлап, қатыгездікпен өлтіріп, мәйітін Өскемен қаласындағы аурухананың жанына тастап кеткен», – делінген Telegram-дағы Egov.press каналы жариялаған хабарламада.
Осы ақпаратқа қатысты редакция Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне жүгінді.
«Ер адамды өлтіру фактісі бойынша полиция алдын ала тергеу жүргізіп жатыр. Қылмысқа қатысы бар барлық адамның тұлғасы анықталды. Жедел із кесу нәтижесінде үш ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тағы үш күдіктіге іздеу жарияланды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтауға бағытталған барлық қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті азаматтарды тек ресми әрі расталған ақпаратқа сенуге шақырады.
«Арандатуға ермеңіздер және шындыққа жанаспайтын мәліметтерді таратпаңыздар», – деп қосты полиция өкілдері.