Қапшағайда 11 жастағы баланы тоқ соғып, мерт қылды: әкімдік қайғылы оқиғадан кейін ғана іске көшті
Оқыс оқиға Қапшағайдағы жағажайлардың бірінде болды
Қапшағай маңындағы Fort Family демалыс аймағында 11 жастағы баланы тоқ соғып, көз жұмды. Оқиға 24 мамыр күні тіркелген. Марқұмның жақындарының айтуынша, бұл – қауіпсіздік шараларының сақталмауы салдарынан болған қайғылы жағдай. Қазір демалыс орнына қатысты тексеру жүргізіліп, жұртшылық бұл оқиғаның ескерусіз қалмауын талап етіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға қалай болды?
24 мамыр күні сағат 12:00 шамасында 11 жастағы бала Fort Family демалыс аумағындағы құмды төбелердің маңында ойнап жүрген. Ауа райы ашық болғандықтан, жоғары кернеулі электр сымының салбырап тұрған бөлігін байқамай, абайсызда тиіп кеткен болуы мүмкін. Тоқ соққан бала оқиға орнында көз жұмды.
Оны тапқан әжесі көмекке шақырған кезде, көмекке келген бойжеткен де тоқ соғып, 2-дәрежелі күйік алған. Тағы екі адам жеңіл жарақат алған.
«Адамдар жаппай тоқ соғып, көз жұмуы мүмкін еді. Біреулердің жауапсыздығынан жиенім көз жұмды. Ол бауырымның жалғыз баласы еді. Жоғары вольтты электр желілеріне 8 метрден жақын жақындауға болмайды», - дейді видеоүндеу иесі.
Қауіп бұрыннан белгілі болған
Баланың туыстарының айтуынша, бұл аймақтағы электр сымдарының қауіптілігі туралы демалыс орны әкімшілігі бұрыннан хабардар болған. Өткен жылы дәл осы маңда олардың малын тоқ ұрып өлтірген. Соған қарамастан, қауіпсіздік бойынша ешқандай шаралар қабылданбаған:
- Аймақ қоршалмаған;
- Ескерту белгілері, тақтайшалар орнатылмаған;
- Демалушыларға қауіп жөнінде алдын ала ақпарат берілмеген.
«Әкімшілік демалуға келгендердің қауіпсіздігі үшін ешқандай шара қабылдамай отыр. Қауіпті орын әлі күнге дейін қоршалмаған», - деп ашынды марқұм баланың апайы.
Қала әкімдігі баланың өлімінен кейін ғана әрекет етті
Оқиғаға байланысты Қонаев қаласының әкімдігі ресми түрде пікір берді.
«Көрсетілген аумақтағы электр желілері жеке меншікте. Қайғылы оқиғадан кейін тіректер жағажайдан алыстатылды. Қонаев қалалық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жағдай бақылауда», - делінген қалалық әкімдік хабарламасында.