Хромтаудағы шахтада төтенше жағдай: үш адамды күйік шалып, ауруханаға түсті
Екі науқас ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр

Ақтөбе облысының Хромтау қаласында шахтада төтенше жағдай орнап, 3 адамды күйік шалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 26 мамыр күні шамамен 22:30-да «Болашақ» шахтасында болған. Мәліметтерге сүйенсек, сутегі газының шығуы орын алды. Нәтижесінде үш адам түрлі дәрежедегі күйік алып, жедел жәрдем бригадасымен Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді.
«Екі науқас ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр, үшінші науқас травматология бөліміне жатқызылып, оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Науқастар қажетті емнің толық көлемін алуда және бақылауда», - делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде.
Оқиғаға қатысты «Қазхром» түсініктеме берді.
«Болашақ» кенішінің өндірістік блогында ауа ортасының қысқа уақытқа тұтану фактісі тіркелді. Оқиға кезінде жабдықтарды орнату жұмыстарын жүргізіп жатқан үш кезекші электрслесарь зардап шекті. Қызметкерлердің беті мен қолдарының білезік тұстарын күйік шалған.
Зардап шеккендер шұғыл түрде Хромтау қалалық орталық ауруханасына жеткізіліп, оларға барлық қажетті білікті медициналық көмек көрсетілуде. Кәсіпорын басшылығы дәрігерлермен және зардап шеккендердің туыстарымен тұрақты байланыста», - делінген компания хабарламасында.