«Өзіме көңілім толмайтынын түсіндім» – ALEM өзіне сенімсіз болғанын айтты
Ол рухани дамуға көп күш жұмсағанын жасырмады

Ninety One тобының мүшесі ALEM (шын аты — Батырхан Мәліков) бала арман, ішкі ізденіс және алдағы әні туралы шынайы айтты деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Махаббат туралы айтудан ешқашан шаршамаймын»
Әнші Jibek Joly арнасындағы «Бүгін.Live» бағдарламасында шынайы сұхбат берді. Ол топтың өзгерістері мен өзінің шығармашылық жолы туралы ашық айтты.
«Біздің негізгі месседжіміз өзгерген жоқ. Біз әрқашан махаббат жайлы айтып келеміз. Табиғатқа, адамзатқа, болмысқа деген сүйіспеншілік – біздің басты құндылығымыз»,– деді ALEM.
«Өзіме көңілім толмайтынын түсіндім»
Әнші жас кезінде өз-өзіне сенімсіз болғанын айтып, рухани дамуға көп күш жұмсағанын жасырмады: түнгі ойлар мен күйзеліс, таңертеңгі алғашқы ойды бақылау, өз-өзімен сөйлесіп, өзін зерттеу, балалық арманын еске алып, іске асыруға бет бұру.
«Күнде жатар алдында өзімді қазбалай беретінмін. Бір күні “Мен әлі де көп нәрсе жасамадым, менде бір кемшілік бар” деген ой келді. Өзіме көңілім толмайтынын түсіндім. Сол кезде өзімді түсіне бастадым»,– деді ол.
Жаңа ән туралы
ALEM көптен бері күткен «Махаббат» атты әнін 2025 жылғы маусымның 6-сы күні шығаруды жоспарлап отыр.
- Әннің демо-нұсқасы екі жыл бұрын тыңдалған
- Композиторы – Қытайдағы әнші Тынысбек
- ALEM әнді өз репертуарына қосу үшін арнайы сұраған
- Ән ерекше энергетикаға ие
«Бұл ән мені алғаш тыңдаған сәттен-ақ баурап алды. Жай ғана махаббат туралы емес, өте терең рухани мағына бар»,– дейді ALEM.
Бала арманы туралы
«Кішкентай кезімде армандаған нәрселерді енді ғана орындай бастадым. Ешкімге қарамай, өз жүрегімнің үнін тыңдауға тырыстым. Соңында сол кішкентай баланың басынан сипағым келді»,– деп түйіндеді ол сұхбатын.