«Үш тас пен қоңыр пышақ»: Тоқтаубаев мінген көліктен қандай айғақтар табылған
Көліктен табылған барлық зат айғақ ретінде алынған

16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай Volkswagen Golf көлігін қарап тексеру хаттамасын оқып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев тергеу барысында берген жауабында оқиға орнына Volkswagen Golf маркалы көлігімен Нұрбол Тоқтаубаев келгенін айтқан еді.
Прокурор сот отырысында осы көліктің зақымдалғанын айтты.
«Көліктің алдынғы терезесінде сынған және тесілген іздер бар. Артқы терезесінде де тесілген іздер бар. Автокөлік салонын тексеру барысында алдыңғы сол жақ орыннан үлкен пішінді тас анықталды. Ол айғақ ретінде алынды. Автокөліктің қобдишасынан Жантөре Байтұрсынның атына берілген психикалық белсенді затты пайдалану мен масаю фактісін анықтау бойынша медициналық куәландыру қорытындысы бар құжат табылды. Ол да айғақ ретінде алынды», - деді ол.
Мемлекеттік айыпталушы көліктің артынан да екі тас табылғанын айтты.
«Автокөліктің жүк көлігінен сабы қоңыр түсті ағаштан жасалған ас пышағы алынып, айғақ ретінде алынды», - деді ол.