ШҚО тұрғыны танысының «анасына» көмектесемін деп 7,7 млн теңгесінен айырылды
Осыған қатысты қылмыстық іс қозғалды

Шығыс Қазақстан облысында алаяқтықтың тағы бір дерегі тіркелді. Өскемен қаласының тұрғыны танысына сеніп, 7,7 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылғанын айтып, полицияға жүгінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Анамның еміне ақша керек»
Жәбірленушінің айтуынша, 2023 жылдың қаңтар айында танысы анасының шұғыл еміне қаражат сұрап, бірнеше траншпен жалпы сомасы 7 714 000 теңгені алған. Бірақ кейін уәде етілген қаражат қайтарылмаған.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Тергеу жүргізіліп жатыр
Полиция оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр. Күдіктінің әрекеті алаяқтық ретінде бағаланып, заң аясында жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Полиция тұрғындарға ескерту жасады
ШҚО Полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға шақырып, төмендегідей сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:
- Ірі көлемде ақша бермес бұрын ақпаратыңызды нақтылап, шынайылығын тексеріңіз;
- Қаржыны эмоциялық қысым астында емес, ойланып барып беріңіз;
- Құжатсыз, қолхатсыз қомақты сома бермеңіз, тіпті ол жақын адамыңыз болса да;
- Басқа туыстармен кеңесіп, деректі салыстырып алыңыз.
«Егер сіз де алаяқтық әрекеттің құрбаны болсаңыз, бірден 102 нөміріне немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарласыңыз», - делінген облыстық ПД хабарламасында.