Алаяқтарға алданып қалған ақтаулық зейнеткер банкті сотқа берді
Әйел сотқа арызданып, мәмілені жарамсыз деп тануды талап етті

Ақтаулық зейнеткер алаяқтардан зардап шекті, бірақ ол қаскүнемдерді емес, төлем қабілеттілігін тексерместен ірі көлемде кредит берген банкті сотқа берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кредит рәсімдеп, депозиттегі ақшаны шешкен
Сәуір айында әйелге өздерін тәртіп сақшысымыз деп таныстырған белгісіз біреулер қоңырау шалған. Олар зейнеткерге өз қаржысын алаяқтардан қорғау қажеттілігін айтқан.
«Кредит алуға тыйым саламыз деген желеумен, оның телефонына зиянды қосымшаны орнатқан, содан кейін алаяқтар оған 4,9 миллион теңгеге жуық сомаға онлайн кредит рәсімдеген. Оның депозиттік шотынан қосымша 2 миллион 758 мың теңге ұрланған», - деп жазды жергілікті Lada.kz порталы.
Осыдан кейін зейнеткер оның зейнетақысы 175 880 теңге болса да, банктің қосымшасында өзінің атына ай сайынғы төлемі 173 330 теңге кредит берілгенін анықтады.
Сот зейнеткерді қолдамады
Жәбірленушінің айтуынша, банк оның қаржылық мүмкіндігін дұрыс тексермей, Қаржы нарығын реттеу агенттігінің ішкі тәртібі мен талаптарын бұза отырып, кредит берген. Әйел кредит рәсімделіп жатқанын білмей, бейне тексеруден өткенін айтты.
Банкке, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігіне және прокуратураға хабарласқаннан кейін жәбірленушіге сотқа жүгіну туралы ұсыныс түсті. Бірінші сатыдағы сот зейнеткердің талабын қанағаттандырудан бас тартып қана қоймай, несиелік мәмілені заңды деп таныды.
Ол қазір апелляциялық сотта әділдік іздеуді жалғастырып жатыр.