«Шегіртке түгін қалдырмай жеп кетті»: Шардарада дихан шырылдап қалды (ВИДЕО)
Биыл Түркістан мен Жамбыл облыстарында шегірткемен күреске Үкімет 7,1 млрд теңге бөлген

Түркістан облысында шегірткеден зардап шеккен дихандар шырылдап отыр. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада Шардара ауданындағы жалғызбасты ана жылап тұрып, шегіртке түгел жеп кеткен бақшасына қарап, ащы зарын жеткізеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол – бес баланы жалғыз бағып отырған қарапайым шаруа
«Шегіртке азаюдың орнына көбейіп жатыр. Мына жерде қанша баланың, қанша адамның еңбегі, көз жасы қалды. Бәрін жайпап кетті», – дейді егіс басында тұрған әйел.
Бұл отбасы – биыл көктем басынан бері жер жыртып, бақша еккендердің бірі. Балаларымен бірге тынымсыз еңбек еткен ана бақша көктеп, өнім береді деп үміттенген. Бірақ дала шегірткелері шабуылдап, бір түп өнім қалдырмай түгел жеп кеткен.
Әкімдік не істеді? Ал Үкімет ақшасы қайда?
Тұрғындардың айтуынша, ауылда шегіртке қаупі бірнеше апта бұрын байқалған. Бірақ дәрілеу шаралары уақытылы жүргізілмеген, жауапты органдар әрекетсіз болған. Қазір жағдай бақылауға алынғаны айтылғанмен, бар өнім жойылып, дихандардың еңбегі еш кеткен.
Еске салсақ, биыл Түркістан мен Жамбыл облыстарында шегірткемен күреске Үкімет 7,1 млрд теңге бөлген. Бірақ соның нәтижесін егісі жойылған дихандар көре алмай отыр.