Астанада жасырын жұмыс істеген есірткі зертханасы табылды
Алматының екі тұрғыны елордада есірткі өндіріп келгені анықталды

Астана қаласы прокуратурасының үйлестіруімен елордада синтетикалық есірткі жеткізу арнасы анықталып, құқық қорғау органдарының бірлескен әрекетімен жойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Екі күдікті ұсталды
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Алматы қаласының екі тұрғыны қолға түсті. Олар елорданың Достық шағын ауданындағы жалдамалы пәтерде психотроптық заттарды заңсыз өндірумен айналысқан.
Жасырын зертханадан 5 кг-дан астам есірткі тәркіленді
Пәтерге тінту жүргізу кезінде полицейлер:
- химиялық реактивтер;
- электрплиталар;
- вакуумдағыштар;
- бояғыштар;
- пластик және шыны ыдыстар сынды құралдарды анықтап, тәркіледі.
Сондай-ақ таратылуға дайын 5 килограмнан астам синтетикалық есірткі заты табылды.
«Суық қайнату» әдісі қолданылған
Күдіктілер есірткіні дайындауда аса қауіпті саналатын «суық қайнату» әдісін пайдаланған. Бұл – жоғары температура қолданылмай, химиялық реакция негізінде жүзеге асырылатын тәсіл, әрі ол өндіріс орнын анықтауды қиындатады.
Тергеу жалғасуда
Қазіргі уақытта ұсталған азаматтарға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Есірткі арналарын жою және синтетикалық заттардың таралуына қарсы іс-шаралар ел аумағында жалғасын табады.