«Құқықтық көмек»: Астанада тегін заңгерлік кеңес берілді
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акцияларға қоғам тарапынан қызығушылық жоғары

Елордадағы «Орталық базар» сауда үйінде «AMANAT» партиясының қалалық филиалы Байқоңыр ауданы әкімдігінің қолдауымен «Құқықтық көмек күні» акциясын өткізді. Іс-шара «Құқықтық көмек» және «Қарызсыз қоғам» партиялық жобалары аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мақсат – халықтың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру
Астана әкімдігінің мәліметінше, акцияның негізгі мақсаты – елорда тұрғындарына білікті заңгерлік және қаржылық кеңес беру, сондай-ақ қаржылық сауаттылықты арттыру. Бұл бастама қоғамдағы әлеуметтік және экономикалық мәселелердің алдын алуға бағытталған.
«Осыған дейін Астаналық базарда 100-ден астам адамға түрлі сала бойынша көмек көрсеттік. Енді Орталық базарда өткізіп жатырмыз. Мақсатымыз – халықты партиялық жобалармен таныстырып, бірнеше мекеме өкілдерін бір жерге жинап, жан-жақты көмек көрсету», – деді «AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек.
Кеңес берген мекемелер мен мамандар
Іс-шара барысында азаматтар несие проблемалары, құқықтық сұрақтар, зейнетақы мәселелері, құжаттандыру және басқа да маңызды тақырыптар бойынша тегін кеңес алды.
Қоғамдық қабылдауға келесі ұйымдар мен мамандар қатысты:
- «Қарызсыз қоғам» жобасының үйлестірушілері;
- БЖЗҚ (Зейнетақы қоры);
- Әділет департаменті;
- Адвокаттар алқасы мен заң кеңесшілері;
- Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев.
«Несие бойынша мерзімі өткен қарыздар, заңдық кеңестер сынды түрлі сұрақтар көтерілді. Мұндай қабылдауларды Астананың өзге сауда орындарында да тұрақты өткіземіз», – деді қалалық филиалдың баспасөз хатшысы Сұлтан Мұстафин.