$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматы тұрғыны 18 жыл бойы шотына түскен 1 млрд теңгеден құтыла алмай жүр (ВИДЕО)

Ол құқық қорғау органдарына да жүгінген

Алматы тұрғыны 18 жыл бойы шотына түскен 1 млрд теңгеден құтыла алмай жүр (ВИДЕО)
Фото: Azattyq Ruhy

Алматы тұрғыны Асқарбек Махиннің есепшотына 2007 жылы Казкоммерцбанк (қазіргі Halyk Bank) тарапынан келісімшартсыз, заңсыз түрде 1 миллиард теңге аударылған. Бұл туралы Azattyq Rýhy хабарлайды.

«Бұл қаржы менің шотыма ешбір келісімсіз түсті. Ешқандай бизнес-жоба немесе мәміле болмаған. Қаражатты заң жүзінде қайтарып берейін десем, банк жауапсыздық танытып отыр», – дейді Асқарбек Махин.

Қаржы институттарының үнсіздігі: банк неге өз ақшасын қайтарғысы келмейді?

Мәселе алғаш тіркелгелі бері қария бірнеше рет ресми хат жазған. Әсіресе 2021 жылдан бері құзырлы органдар мен банкке оннан аса хат жолдаған. Алайда осы күнге дейін нақты шешім қабылданбаған.

Қорғаушы Сәбитхан Сәрсенбаев бұл жағдайды қаржы секторының бақылаусыздығымен байланыстырады:

«Кез келген банк келісімшартсыз жеке тұлғаға миллиард теңге аудармайды. Мұның артында сыбайлас жемқорлық немесе қасақана жасалған әрекет болуы мүмкін. Банк неге өз ақшасын іздемейді – бұл сұрақ үлкен күмән тудырады», – деді ол.

Прокуратура ұлын ақтап шықты, бірақ банк қысым жасауды жалғастыруда

Асқарбек Махиннің айтуынша, прокуратура оның ұлының бұл қаражатқа еш қатысы жоқ екенін растаған. Соған қарамастан, банк тарапынан қысым жасалып, тіпті жылжымайтын мүлкіне қатысты әрекеттер жүргізілген.

«Менің ұлым ақша алмағаны туралы ресми қаулы бар. Бірақ банк соған қарамастан, оны кінәлап, мүлкіне жармасып жүр. Бұл – қудалаудың белгісі», – дейді зейнеткер.

«Халық банктен» жауап жоқ – мәселе лицензияға дейін баруы мүмкін

2025 жылдың 29 наурызында Асқарбек Махин мен оның қорғаушысы сотқа дейін дауды шешу жөнінде ресми хат жолдаған. Бірақ банк тарапынан ешқандай ресми жауап келмеген.

«Егер бұл қаражат қайтарылса, онда банкке қатысты Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі тарапынан лицензиялық тексеру басталуы мүмкін. Сондықтан олар әрекетсіздік танытып отыр», – дейді қорғаушы Сәрсенбаев.

Серіктес жаңалықтары