Павлодар облысында Жеңіс алаңында ұятсыз билеген қыздардың ата-аналары сотты болды
Балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды

Павлодар облысында Жеңіс алаңында орналасқан Даңқ ескерткішінің алдында әдепсіз билеген қыздардың ата-аналары жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2025 жылғы 2 мамырда сағат 16:00 шамасында кәмелетке толмаған қыздар Павлодар қаласындағы Жеңіс алаңында болып Даңқ ескерткішінің алдында әдепсіз билеген бейнероликті түсірген, осылайша, олардың заңды өкілдері тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған.
Облыстық соттың мәліметінше, кәмелетке толмаған С. (15 жас) мен Ж.-ның (14 жас) Павлодар қаласындағы Жеңіс алаңында Даңқ ескерткішін қорлаудағы әрекеттері ұсақ бұзақылық деп танылып, олардың заңды өкілдеріне қатысты ӘҚБтК-нің 435-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды.
Ол үшін 16 жастағы кәмелетке толмаған И. мен Ж. тікелей жауапкершілікке тартылды.
«Сот оларды ӘҚБтК-нің 127-б. 3-б. көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, әрқайсысына 55 048 теңге сомасында әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындады.
Сондай-ақ сот А. мен К.-ны ӘҚБтК-нің 435-б. көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, әрқайсысына 19 267 теңге сомасында әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындады.
Қаулылар заңды күшіне енген жоқ», - делінген облыстық сот хабарламасында.
Айта кетейік, осыған дейін Павлодардағы Мәңгілік алаудың алдына барған екі қыз жазаланғаны хабарланған. Ал бұл жолы кәмелетке толмаған қыздардың ата-аналары істі болды.