Жамбыл облысында асырап алған баласын оқтаумен ұрып-соққан өгей ана сотталып кетті
Асырап алған баласын оқтаумен ұрған ана қылмыстық жауапкершілікке тартылды

Жамбыл облысында асырап алған баласын оқтаумен ұрып-соққан өгей ана осы ісі үшін сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық соттың мәліметінше, 2024 жылдың желтоқсан айында сотталушы өзінің үйінде 1 млн теңге ақша қаражатын өзінің асырап алған ұлы М. ұрлап алды деген күдікпен, қайтаруды талап еткен. Ол бұл ақшаларды алмағанын айтқанда, ағаш оқтауды алып, оны денесінен ұра бастаған.
Келесі күні колледж оқытушылары оның жағдайын көріп, баланы ауруханаға апарды. Сараптама қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған баланың денсаулығына жеңіл зиян келген.
«Сотталушы кінәсін толық мойындады. Ал жәбірленуші М. асырап алған анасына ешқандай шағымы жоқ екенін, кешіргенін және оны жазадан босатуды сұрап, бірақ онымен бірге өмір сүргісі келмейтінін айтты.
Сот кінәні толық мойындауын, кәмелетке толмаған баласының болуын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды, ал ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот үкімімен сотталушы К. ҚК 108-1-бабы 2-бөлігінің 8) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Сондай-ақ К.-ның мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленді. Атап айтқанда, 3 ай бойы жәбірленушінің еркінен тыс жәбірленушіні іздеуге, ізіне түсуге, оған баруға, ауызша және телефон арқылы сөйлесуге, онымен басқа да тәсілдермен байланысуға тыйым салынды», - делінген облыстық сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енді.