Жүк көлігіне жасырынып, Қазақстанға өтпек болған ондаған шетелдік ұсталды (ВИДЕО)
Олар шекарадан заңсыз өтпек болған

Қазақстанға жүк көлігінің жүк салатын бөлігіне жасырынып өтпек болған ондаған шетелдік ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҰҚК мәліметінше, 2025 жылдың 12 мамырында Ақтөбе облысының «Жайсан» автокөлік өткізу пунктінде шекарашылар заңсыз көші-қон әрекетін тоқтатты.
Ресейге транзиттік жүріп келе жатқан жүк көлігін қарап-тексеру кезінде тасымалданған жүктің арасында мемлекеттік шекарадан заңсыз өтуге әрекеттенген 29 шетелдік азамат табылды.
«Осы факті бойынша ҰҚК Ақтөбе облысы бойынша Шекара қызметінің Департаменті ҚР Қылмыстық кодекстің 394-бабы (Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
ҰҚК шекара қызметі ұлттық заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын және оның режимін бұзу қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады», - делінген ҰҚК хабарламасында.