$ 506.21  568.42  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жарқынбек Амантайұлы жыл сайын әр қалаға «Кітап астанасы» мәртебесін беруді ұсынды

Ол бұл кітап оқу мәдениетін қалыптастырады дейді

Жарқынбек Амантайұлы жыл сайын әр қалаға «Кітап астанасы» мәртебесін беруді ұсынды
Фото: Есенжол Исабек

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы Қазақстанда жыл сайын бір қаланы «Кітап астанасы» ретінде жариялауды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың сөзінше, бұл бастама мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық кітап күніне қатысты тапсырмасымен тығыз байланысты.

«Президентіміз кітапты – мәдениетіміз бен болашағымызды қалыптастыратын құрал деп бағалады. Ұлттық құрылтайда ұлттық кітап күнін белгілеуді тапсырды. Осыған байланысты жыл сайын еліміздегі бір қаланы «Қазақстанның кітап астанасы» деп жариялау маңызды деп есептеймін», – деді Жарқынбек Амантайұлы.

Оның айтуынша, «Кітап астанасы» мәртебесі берілген қалада бір жыл бойы әдебиет пен кітап оқуды насихаттауға бағытталған іс-шаралар өткізу көзделеді.

«Бұл мәртебе берілген қалада кітап оқуды дәріптеу, әдебиетті дамыту, авторлық құқықты қорғау және мәдениет саласына қолдау көрсету мақсатында кешенді жұмыс жүргізілуі керек», – деді депутат.

Жарқынбек Амантайұлы халықаралық тәжірибеге де назар аударды. Ол ЮНЕСКО-ның 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай жыл сайын бір қаланы «Дүниежүзілік кітап астанасы» ретінде таңдауы – үлгі боларлық тәжірибе екенін атап өтті.

«Мадрид, Александрия, Нью-Дели, Монреаль, Рио-де-Жанейро сынды қалалар осы мәртебені иеленіп, әдебиеттің халықаралық орталығына айналды. Қазақстанда да осы тәжірибені енгізу арқылы интеллектуалды ұлт қалыптастыруға үлес қосуға болады», – деді ол.

Сондай-ақ, депутат бұл жобаны Ұлттық кітап күнімен үйлестіріп, біртұтас мәдени-рухани платформа ретінде дамытуды ұсынды.

«Ұлттық кітап күні мен «Кітап астанасы» бастамасы бір-бірін толықтырып, жастар мен қоғамда кітапқа деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді», – деді Жарқынбек Амантайұлы.

Депутаттың бастамасы бойынша төмендегідей нақты ұсыныстар берілді:

  • Жыл сайын бір қаланы «Қазақстанның кітап астанасы» ретінде бекіту;
  • Бұл қалада әдебиет пен кітап оқуды дәріптеуге арналған жылдық жоспар әзірлеу;
  • Жобаны Ұлттық кітап күнімен үйлестіру;
  • Жергілікті билік органдарымен бірлесіп, жобаны қаржылай және ұйымдастырушылық тұрғыда қолдау.

Депутат бұл ұсыныс кітап оқуға баулу, авторлық құқықты қорғау және әдебиетті дамыту арқылы ұлттық сананы күшейтуге ықпал етеді деп санайды.

Серіктес жаңалықтары