Әйгілі франциялық актер Жерар Депардье екі әйелге сексуалды зорлық жасағаны үшін сотталып кетті
Оқиға 2021 жылы Les volets verts фильмін түсіру кезінде болған

Әйгілі франциялық актер Жерар Депардье екі әйелге жыныстық зорлық жасағаны үшін 18 айға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Депардье өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Үкім жарияланғанда актердің өзі болмаған, ол Азор аралында фильм түсіріп жатыр.
Актерге 2021 жылы Les volets verts фильмін түсіру кезінде екі әйелге жыныстық зорлық жасады деген айып тағылған.
Соттың хабарлауынша, актерді зорлық-зомбылық жасады деп айыптаған Амели К. есімді сценарист сот отырысы кезінде оқиғаға қатысты дәлелді куәлік берген. Ал Депардье сот барысында айтқан сөздерін өзгертіп отырған.
Сондай-ақ, актер Сара есімді режиссердің көмекшісіне жыныстық шабуыл жасағаны үшін де кінәлі деп танылды.
Сотта куәгер болған Амели К., фильм түсіру кезінде актердің оны аяғының арасына қысып тұрып тәніне тиіскенін айтты.
Режиссердің көмекшісі, өз кезегінде, актердің киімінің сыртынан бөксесі мен кеудесіне үш рет қол жүгірткенін айтты.
Депардье бұл айыптауларды жоққа шығарып, егер ол айып таққан қыздарға қолы тиген болса, бұл кездейсоқ болғанын айтты. Актер сол сияқты әйел адамның тәніне қолы тиіп кеткенін сексуалдық агрессия деп санамайтынын да мәлім еткен. Ал бұл сөз судьяға ұнамағаны анық.
Актердің адвокаты үкімге шағымданатынын айтты.
Депардье бұған дейін өз әрекеттерінің зорлық-зомбылық болғанын жоққа шығарған. Ол айтқан дөрекі сөздері оның көңіл-күйінің нашарлығына байланысты екенін айтты.
«Мен тайып құлап кетпес үшін оның жамбасынан ұстап алдым. Себебі аптап ыстық әрі жұма болатын, түсірілімнің соңына қарай мен қатты шаршаған болатынмын», - деді Депардье.
Сценарист айтқан оқиға 2021 жылдың қыркүйегінде қартайған актер туралы Les volets verts фильмінің түсірілімі кезінде болған. Депардье бұл фильмде басты рөлді сомдады.
Бұл Депардьеге қатысты сотқа жүгінген алғашқы іс, дегенмен 20-ға жуық әйел оны орынсыз мінез-құлқы үшін айыптап отыр.
Прокурорлар 76 жастағы Депардьені шартты түрде бір жарым жылға бас бостандығынан айыруды және 20 мың еуро айыппұл салуды сұрады.