Алматы облысында мал ұрлауды «кәсібіне» айналдырған күдіктілер ұсталды
Олар 10-нан астам мал ұрлау ісіне қатысы бар екені анықталды
Алматы облысының Балқаш ауданында мал ұрлауды «кәсібіне» айналдырған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жедел-іздестіру іс-шаралары аясында Балқаш ауданында бірқатар мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен үш ер адам ұсталды.
Тергеу ісінің басталуына Береке ауылынан 8 шақырым жерде орналасқан жайылымнан ірі қара малдың жоғалғаны жөнінде жергілікті тұрғынның өтініші себеп болды. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын 2,4 миллион теңгені құрады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
«Жедел іс-шаралар барысында Береке ауылының маңында полиция қызметкерлері «Volkswagen Jetta» автокөлігін тоқтатты. Автокөліктің салонында екі адам болған, көлікті тексеру кезінде сиыр малының екі тұтас еті, тегіс ұңғылы мылтық, балта және ас үй пышақтары табылып, тәркіленді. Кейін тәртіп сақшылары қылмыстық топтың тағы бір мүшесін ұстады. Күдіктілердің үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады облыстық ПД.
Қазіргі уақытта бұл топтың оннан астам мал ұрлығына қатысы бар екені дәлелденді. Олардың аймақтағы осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде.